23 Сәуір, 2016

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы  №18-02/178

440 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2015 жылғы 27 ақпан, Астана қаласы Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүректі түбірімен босату қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 13-бабы 1-тармағының 18-20) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүректі түбірімен босату қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналас­тыруды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін. 4. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министрдің міндетін атқарушы С.ОМАРОВ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-02/178 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүректі түбірімен босату қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүректi түбірімен босату қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақ­стан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 13-бабының 1-тармағының 18-20) тар­мақшасына сәйкес әзірленді мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүректi түбірімен босату тәртiбiн белгiлейдi. 2. Мемлекеттiк орман қорына кiретiн, бiрақ темiр жолдардың, автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральды құбырлардың және осы объектілердi қолайсыз табиғат құбылыстарынан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға, шу әсерiн азайтуға арналған басқа да желiлiк құрылыстардың белдеулерiнде орналасқан орман екпелерi үшiн осы Қағидалар өздерiнiң қорғаныш функцияларын және оларды пайдаланудың белгіленген тәртiбiн орындау үшiн осы екпелердiң мақсаты ескерiле отырып қолданылады. 3. Шекаралық аймақтарда орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде сүректi түбірімен босату кезiнде осы Қағидалар Кодекстің 83-бабына сәйкес айқындалған мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдаланудың ерекшелiктерi ескерiле отырып қолданылады. 4. Ұзақ мерзімді орман пайдалануға берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу, аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу және өзге де мақсаттарда ағаш кесу тәртiбiмен сүрек босату Кодекстің 13-бабы 1-тармағының 18-20) тармақшасына сәйкес бекітілген осы Қағидалар мен Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидалары бойынша жүзеге асырылады. 5. Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер ормандарында және басқа ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда осы Қағидалар Кодекстің 92-бабына сәйкес осы аумақтардың режимiне, орман шаруашылығын жүргiзу және ормандарды пайдалану тәртiбiне қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады. 6. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу кезiнде сүректi түбірімен босату толысқан және қураған екпелерде жүзеге асырылады, бұл орайда бiрiншi кезекте, ағаш кесудiң жоспарына қарамастан, өздерiнiң жай-күйiне қарай (өрт, жел, жауын-шашын, орман зиянкестерi, ластайтын заттардың қалдықтары (тастандылары), басқа да қолайсыз әсер етулер салдарынан бүлiнген) кесу талап етiлетiн екпелердi, өткен жылдардан кесiлмей қалған ағашты, сөлi алынған сүрекдiңдердi кесу белгiленедi. 7. Аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу кезiнде сүректi түбірімен босату орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу (сирексiту, тазарту, сирету, өтпелiк кесу), санитариялық мақсатта iрiктеп ағаш кесу, қайта жаңарту үшiн ағаш кесу және құндылығы аз сүрекдiңдердi кесуге байланысты өзге де ағаш кесулер, сондай-ақ қорғаныштық, судан қорғау және басқа функцияларын жоғалта бастаған екпелердi кесу, жас шоғырлардағы жекелеген ағаштарды кесу кезiнде жүзеге асырылады. 8. Басқа да мақсаттарда ағаш кесу кезiнде сүректi түбірімен босату үй және құрылыс салу, су тораптарының (cу қоймаларымен толтырылатын аймақтарды қоса алғанда), құбырлар, жолдар, байланыс және электр беру желiлерiн салу және пайдалану үшiн орман жерлерiн тазарту жүргiзген, пайдалы қазбаларды өндiру кезiнде және орман жерлерiн орман емес жерлерге белгіленген тәртiппен көшiруге байланысты өзге де жағдайларда, сондай-ақ орман соқпағын салу өртке қарсы ор қазу, орман өсiру, өртке қарсы, орман-мелиоративтiк және басқа орман шаруашылық жұмыстарын жүргізу, санитариялық мақсатта жаппай ағаш кесу, жойылуға тиiс қоқыстарды жинау кезiнде жүзеге асырылады. 9. Уақытша ағаш тұқымы учаскелері ретiнде бөлiнген екпелердi орман сүректi ағаштарының тұқымдарын дайын­дау мақсатында бiтiк шыққан жылдарда ғана кесуге жол берiледi. Ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген мем­лекеттiк орман қоры учаскелерiнде уақытша ағаш тұқымы учаскелерiн бөлу шартта көзделген жағдайларда жүргiзiледi. 10. Cүpeк дайындау, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану мерзiмiне қарамастан, ағаш кесу билеттері бойынша ғана рұқсат етiледi. 11. Есепке алудың барлық түрлері кезінде босатылуға тиіс сүрек мөлшері тығыз текше метрлермен айқындалады. Сексеуіл сүрегін босату кезінде массаны есепке алуды тоннамен жүргізуге рұқсат етіледі. 12. Орман ресурстарын дайындалған өнім мөлшері бойынша босату кезінде мынадай өлшем бірліктері қолданылады: 1) декалитрлер – сүрек сөлдері үшін; 2) тығыз текше метрлер – сыпталған және бөрене күйіндегі ағаш материалдары үшін; 3) жинап қою текше метрлері – кесу қалдықтары, шөпшек, бұталық жем, қылқан жапырақтылар табандары үшін; 4) тонналар – шайыр, қабық үшін; 5) дана – шыбықтар мен шөпшектерден, тал шыбығынан, сондай-ақ жаңа жылдық шыршалардан жасалған ұсақ сұрыптар үшін. 13. Түбірімен босатылатын сүрек үшін төлемақы сомасын есептеу және төлеу тәртібі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің 507-бабына сәйкес айқындалады. 14. Сүрек босату кезiнде орман пайдаланушыларға Кодекстің 38-бабында көзделген талаптардан басқа мынадай талаптар қойылады: 1) ағаш кесу және жол бойын тазалау, орман қоймаларын орналастыру, құрылыстар салу кезiнде мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ластауға, сондай-ақ кесiлген күйi салбырап қалған ағаштарды және үйiнділердi қалдыруға жол бермеу; 2) қар жоқ кезеңде ағаштарды кесу мен кесiндi қалдықтарынан алаңды тазарту арасындағы алшақтықтың 15 күннен асуына жол бермей, кеспеағаш аймағын тазалау, сондай-ақ орманда өрт қаупi бар кезең басталғанға дейiн қысқы кеспеағаш аймағын тазалау; 3) өзендер мен жылғалардың арнасын ағызу, сондай-ақ ағаш сүйрету және ағаш тасу жолы ретiнде пайдаланбау; 4) сүректi әкеткен және өзге жүктердi тасымалдаған кезде жолдарды, көпiрлердi және орман соқпағын, сондай-ақ құрғату тораптарын, жол, гидро-мелиоративтiк және басқа құрылыстарды, суағарларды, жылғаларды, өзендердi сақтау және олар бұзылған жағдайда өз есебiнен тиiстi жай-күйiне келтiру; 5) тұқымдық, артықшылығы бар және басқа да кесілуге жатпайтын ағаштардың, өскiндердiң кеспеағаш аймағына iргелес жатқан әрбiр жағынан алғандағы енi 50 метр белдеулердегi екпелердiң сақталуын, сондай-ақ орман орналастыру және орман шаруашылығы белгiлерiнiң, ағаштар мен түбiрлердегi жапсырмалардың бүтiндiгiн қамтамасыз ету. 2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүректі түбірімен босату тәртiбi 15. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүректi түбірімен босатудың жыл сайынғы мөлшерiне Кодекстің 93-бабының 2-тармағына сәйкес орман орналастыру жобаларына, ағаш кесу жоспарларына, құрылыс объектiлерi үшiн орман алаңдарын тазалау жөнiндегi жобаларға, жаппай санитариялық ағаш кесудi жүргiзуге арналған рұқсаттарға сәйкес белгіленген басты мақсатта пайдалану үшiн (кеспеағаш қоры), аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудiң, өзге де мақсаттарда ағаш кесулердің жыл сайынғы көлемi кiреді. 16. Мемлекеттiк орман иеленушілер ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға құқығы бар орман пайдаланушылардың өтiнiмдерi негiзiнде, оларға аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мен өзге де ағаш кесуге арналған өздерiнiң өтiнiмдерiн енгiзе отырып, өсiп тұрған сүректi жыл сайын босатуға жиынтық материалдар қалыптастырады. 17. Сүректі түбірімен босату мемлекеттiк орман иеленушiлер орман орналастыру жобасына, ағаш кесу жоспарына сәйкес, сондай-ақ кеспеағаш аймағы ағаш кecугe түсуден бiр жыл бұрын жергiлiктi халықтың отындық ағашқа деген қажеттерiн ескере отырып әзірлейтін кеспеғаш аймағын бөліп беру мен мөлшерлеу материалдарының негізінде жүзеге асырылады. Кеспеғаш аймағын бөліп беру мен мөлшерлеуді мемлекеттік орман иеленушiлер Кодекстің 13-бабы 1-тармағының 18-41) тармақшасына сәйкес бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде кеспеағаштарды бөліп беру мен мөлшерлеу қағидаларына сәйкес жүргізеді. 18. Cүpeкті түбірімен босату мерзімі кеспеағаш ағаш кесуге белгiленген жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанына дейін, ал тасып әкету мерзiмi - келесi жылдың 1 мамырына дейiн белгiленедi. 19. Сүpeктi түбірімен босату кезінде кесуге белгіленген ағаштардың алаңы мен санын ескере отырып сүректi тасып әкету оны дайындаумен бiр мезгiлде жүзеге асырылады. Сүректi түбірімен босату кезінде дайындалған сүректiң санын ескере отырып оны ағаш кесу билетiнде көрсетiлген уақытша орман қоймаларына тасу жүзеге асырылады. Осы сүректi тасып әкету дайындалған сүректiң мөлшерi куәландырылғаннан кейiн жүргізіледі. Өрттер зақымдаған екпелерде, сондай-ақ дауылдар мен жел сұлатқан ағаштарды жинау есебінен дайындалған сүректің мөлшерін ескере отырып сүрек босату босату кезінде оны тасып әкету осы сүректi есепке алу ұйымдастырылған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Егер сүрек темiр жолдар мен тас жолдар бойындағы қоймаларға, өңдеуге арналған қондырғылар мен құрылғыларға, сондай-ақ мемлекеттiк орман иеленушiмен келiсiлген және ағаш кесу билеттерiнде көрсетiлген орындарда орналастырылған жыл бойы жұмыс iстейтiн ағаш тасу жолдарының бойындағы аралық қоймаларға тасып әкелiнсе, ол ағаш кесілген жерден тасып әкетiлген болып есептеледi. 20. Су тораптарын, құбыр желілерін, жолдар, байланыс және электр беру желiлерiн салуға, карьерлер аршу мен пайдалы қазбалар өндiруге байланысты тазартылуға тиiс алаңдарда, сондай-ақ орман алаңдарын ормансыз жерлерге ауыстыруға байланысты ағаш кесудің өзге де жағдайларында cүpeк босату жобалау құжаттамасында осы жұмыстарды атқару үшін белгіленген мерзiмдерде жүргiзiледi. Ағаш кесу билеттерi бұл орайда жыл бойы ағымдағы жылда игеру көзделген сүрек мөлшерiне жазылады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 10 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 10679 болып енгізілді.